Қазақстандық инженер жаңа жел қондырғысын ойлап тапты
Автор: Айжан Серікжанқызы
KazInform Халықаралық ақпарат агенттігі
16 маусым 2017 ж.
Сілтеме: http://www.inform.kz/kz/kazakstandyk-inzhener-zhana-zhel-kondyrgysyn-oylap-tapty_a3036913
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық инженер қолданыстағы жел генераторларынан екі есе қуатты жаңа қондырғы ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
ЭКСПО көрмесінің үздік тәжірибелер павильонына қойылған жаңа өнертабыс «Қайқы желқалақ» деп аталады және бұл жел энергиясын анағұрлым көбірек өндіруге мүмкіндік береді.
Оның авторы, инженер Блок Шайкенов туындыны алғаш рет ЭКСПО-да таныстырып отырғанын және бұл қондырғыны жасау үшін 12 жыл уақытын сарп еткенін айтты.
«Айналып тұрған жел қондырғыларын ең алғаш рет 2005 жылы Калифорнияда көрдім. Сонда қондырғылар желдің барлық күшін пайдаланбай тұр-ау деп ойладым және бұл ой көпке дейін санамнан кетпей қойды. Артық күш түсірмей, қалақшаларды ұзартудың жолын іздедім. Бес-алты жыл арнайы әдебиеттерді оқыдым, үш жыл патенттік кітапханаға барып, жел қондырғысына қатысты шетелдік патенттермен танысып, өз қиялымдағы тетікпен сәйкестік жоқ екеніне көз жеткіздім», - дейді жаңалық авторы.
Инженер желқалақтарды ұзарту үшін қондырғының тірегі мен желқалағы арасына екі түтікшені қиғаш орналастырған және Қапшағай маңында екі түрлі қалақты сынақтан өткізген. Сынақ нәтижесінде қайқы желқалақ түзу желқалақтан екі-үш есе жылдам айналған және желден алынатын энергия көлемін еселеп арттырған.
«Осылайша, 2012 жылы жаңа қондырғының жобасын жасадым. Бір жылдан астам уақыт патент жазып, Қазақстанның патенттік ведомствосына жібердім және 2014 жылы бес патент алдым. Енді халықаралық патент алу үшін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына өтініш жібердім», - деп толықтырды ол.
Идея авторының айтуынша, «қайқы желқалақты» кез келген жел станцияларына қолдануға болады. Яғни, бұрынғы түзу желқалақтың ортасына екі түтікше қойылса, әдеттегіден екі есе артық энергия жиналады.
«Бұл қуаттың өзіндік құнын едәуір арзандатуға мүмкіндік береді және халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырады», - дейді Блок Шайкенов.
http://www.inform.kz/kz/kazakstandyk-inzhener-zhana-zhel-kondyrgysyn-oylap-tapty_a3036913