Суды қалай үнемдеуге болады?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Дереккөз: https://egemen.kz/article/317391-sudy-qalay-unemdeuge-bolady

Қазақстанның байтақ алқабының басым бөлігі – ылғалы жетімсіз, шөліркеген құрғақ өлке. Тек терістікке қарай жауын-шашын біршама (350-420 мм) артып, соған сәйкес қара, күлгін топырақты, астықты қазынасына айналған. Әйтсе де табиғат елдің шығысы мен түстігінен әсем Алтай, Жоңғар, Тянь-Шань (Іле, Талас шыңдары) Алатау таулармен көмкеріп, әрі қарай Памир-Алтай тауларымен жалғасып Орталық Азияның таулар жүйесін құрайды.

Бұл заңғар таулардың өзгеше қасиеті, олардың алып шыңдары экваториалдық ендіктен көтеріліп, терістікке бағыт алған ылғалға үлкен тосқауыл құрады. Сондықтан ылғалдың басым бөлігі (1600 мм, қыс мезгілінде) таулардың ішкі аймақтарында тұтылып, ерімейтін мұздықтарға жиналады. Алып таулардың етегінде жағалай орналасқан барлық елдің су байлығын құрайтын арналы өзендердің су көздері осы мұздықтардан бастау алады.

Ылғалды ағын биік тау шыңдарында қорының басым бөлігін қалдырып, жазыққа шыққанда сараң тартып, ендікпен ұзаққа созылған өлкені жанай өтеді. Бұл бөлікте жауын-шашын түсімі мардымсыз, құмды, қиыршық тасты, сазарған сары топырақты шөл және шөлейт жерлер жайлаған. Тек таулар баурайында ұзыннан созылған 50-120 км еңістікте ылғалдың жеткілікті түсуіне байланысты шалғыны бай, егіндік, бақша, жеміс-жидек өсіруге қолайлы жерлер орналасқан.

Биік таудың дәл етегінде, ең әсем жерге Алматы қаласы салынды. Қабылданған заң бойынша ғимараттар 3-4 қабатты, ал жылыту жүйелері шағын еді. Осы ретте ауаның ауысуы қалыпты жағдайда сақталды, түтін мен лас газдар жылы ауаның әсерімен түнде жоғары өрлеп, таңға жақын ол таза ауамен алмасатын.

Жаңа ғасырмен қоса қала үлкен өзгерістерге ұшырады. Жан-жақтан ағылып көптеген тұрғын келді. Күлді көмір жағылатын 3-4 ЖЭС ұлғайтылып, көшелер сансыз машинаға толды. Жаңа ғимараттар бой созып 16-18 қабатқа жетті. Ауаның алмасу реті әбден бұзылды. Табиғаттың реттеу күші түтін мен шаңға ластанған қоймалжың ауаны тазартуға шамасы жетпейтін жағдай орнады. Біраз бұрын пайда болған қошқыл перде бой алып, тау баурайын сағалап шығыс пен батысқа қарай 50-60 шақырымға жайылып, мұздақтарға аз жетпей ендеп кетті.

Осы өзгеріс алып шыңдарға ауыр салмақ салды. Қара түтін мен шаң үгінділері жоғары көтеріліп мұздақтарға қонақтады. Күн сәулесі жарқыраған мұз бетінен шағылысып, қара қошқыл алаңға сіңіп, оны еріте бастады. Ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп бұзылып, мұздақтар тездеп еріп, көлемі еселеп азайды. Ғалымдардың есептеуі бойынша бұл үрдіске кейінгі уақытта өрістеп кеткен әлемдік жылыну да қомақты үлесін қосып жатыр.

Мұздақтарды зерттеуге саналы ғұмырын жұмсаған ғалым Евгений Вилесов өткен ғасыр аяғында Жоңғар Алатауының батыс бөлігі мен Іле Ала­тауы­ның солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарындағы мұз шөгінділері жылдам азайып келеді деген тұжырым жасады. Ғалым мұздақтар жиырма жыл ішінде 200 шаршы шақырымға кеміп, 3000 м биіктікке дейін жалаңаштанады деген дәлелдеме келтірді. Бұл жағдай Қырғыз Алатауының шеткі аймақтарында да байқалып отыр.

Алып таулардан ағатын өзендердің су қорымен, олардың энергетикалық күшін пайдаланатын елдердің энергетикалық балансы тікелей тәуелді. Өндірістің бой алып өсуі мен халық санының тез артуы, Орталық Азия елдерінде энергияның жетпеуін тудырды. Статистикалық деректер бойынша Қазақстанның оңтүстігінде энергия керекті мөлшерден 40%-ға кем.

Судың бастауы мен өзендердің негізгі ағысы құралатын Қырғызстан және Тәжікстан елдері өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, көптеген су электр стансасын салды. Олардың жұмыс істеу тәртібі, су ағысының табиғи заңдылығына емес, елдердің энергетикалық қажеттілігіне бағынады. Әрине, энергия пайдалану қыста тым артады және оған жылы уақытта жиналған су қорының едәуір бөлігі жұмсалады. Ендігі кезекте Қазақстан мен Өзбекстанда жазда бау-бақша, техникалық дақылдарды өндіруге қажетті судың тапшылығы туындайды. Мұндай жағдайда тату көршілердің арасында біршама дау-дамай өршіп, салқын қатынас орын алары анық.

Орталық Азия елдерінде судың табиғи айналым негізі біртектес, бірыңғай тәртіпке бағынған. Шығыстан батысқа қарай созылған алып таулар мен оны жағалай қоршаған жазық дала ортақ. Бұл аймақта суды пайдаланудың әр халыққа тән өзіндік шешімі де шамалы. Жапсарлас елдерге ортақ су байлығы жеке халықтың меншігі де бола алмайды. Тек оның пайдалы әсерін игеруде, әр елдің мақсаты мен тәсілі өзгеше.

Жоғары орналасқан көршілес елдердің сумен мол энергия өндіруге арналған мақсаты мен жазықты жайлаған елдердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі ұмтылысын қалайша үйлестіруге болады?

Осы түйінді мәселені саралағанда екі жақтың мақсаты мен үмітін орындауда ешқандай қайшылық жоқ екені анықталды. Етектегі еңіс пен жазықтағы егінжайларды жеткілікті суаруға тек ең соңғы ГЭС-тің су пайдалану тәртібі мен оның су қоймасының сыйымдылығы ғана әсер етеді. Ал жоғары орналасқан барлық ГЭС тек бірінен кейін екіншісіне аққан су қорын пайдаланады, сонан кейін ол бәрібір төмен ағытылады.

Қырғыз елі Нарын өзенінің бойына 8 ГЭС салуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы энергетикалық күшін 6200 МВт-ға арттырып, электр энергиясын өндіруде үлкен нәтижеге жетпекші. Бұл елдің тау өзендерінің энергетикалық балансы 142 млрд киловатт-сағат деп есептеледі. Ал іске пайдаланғаны соның тек 10% мөлшерін ғана құрайды.

Тәжік гидроэнергетикалық мүмкіндігі тым зор, жылына 527 млрд кВт.с. электр қуатын өндіруге болады деп есептеледі. Ал оның нақты техникалық өндіріске пайдалануға қолайлысы 317 млрд кВт/с. жетеді. Қазіргі кезде соның тек 4-5%-ы ғана өндірістік энергия алуға пайдаланылып отыр.

Келтірілген есептеулер Орталық Азия елдері өзендерінің гидроэнергетикалық қоры оларды энергетикамен толықтай қамтамасыз етіп, шеткері және жақын республикаларға экспортқа шығаруға молынан жететінін дәлелдейді. Осы кезде суаруға қажетті суды жеткілікті мөлшерде және керекті кезінде пайдалануға қолайлы жағдай туады. Мұндай келісімсіз табиғи байлығы және шаруашылық бағыттары әртүрлі көрші елдердің суды пайдаланудағы шиеленісті түйінін шешу мүмкін емес.

Кейінгі уақытта Қырғызстан мен Тәжікстанда электр энергиясын өндіретін жаңа ГЭС-тер салу үшін инвесторлар іздестіру ісі үнемі жүргізіліп келеді. Дағдылы ізбен көбіне Ресейге жалтақтайды. Бірақ олардың ішкі өз проблемалары да жеткілікті, сол себепті ондай жұмысқа кірісе қоюы екіталай. Әйтсе де, бұл істі жалғастырушыларды басқа жақтан қарастырған жөн болар еді. Алыстан емес, қатар көршілерден. Қазақстан мен Өзбекстанда бизнесмендер жеткілікті. ГЭС салушы елдер нақты мемлекеттік кепілдіктер беріп, қолайлы жағдай жасаса, бұл шаруаға кірісуге батылдық жасайтын іскер адамдар жетерлік.

Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде қуатты энергетика өндірісі нақты жолға қойылған кезде, жазықта суармалы егістікті үстемелеп өркендетуге қолайлы жағдай орнайды. Бұл өрісті ойдың іске асуы ГЭС алдындағы су қоймасының сыйымдылығы мен судың жіберілу тәртібін реттеуге ғана тәуелді болып қалады. Егер су қоймасының сыйымдылығы ірі көлемде су жинақтауға жеткіліксіз болса, онда ГЭС-тен төменгі ойпаңда, табаны бетон қабырғамен көмкерілген, құм-тасты үйілме плотинамен қоршалған су қоймасын салу қажет. Мұндай аумақты құрылыс бірнеше ел басшысының бірлесіп шешім қабылдауымен және қомақты қаржы жұмсалғанда ғана нақты нәтижеге жетеді.

Осы ретте егін суару мәселесінде ылғалмен қамтамасыз етудің біздегі технологиясы қандай деген сұрақ туындайды. Айтулы кезге дейін ауыл шаруашылығында суды суарма өлке шегіне көбіне қазба каналдар, ал біраз шамада бетон науалармен жеткізіліп келді. Әзірше бұл шаруаға бетон және темір құбырларын пайдаланылады.

Кеңес кезеңінің аяқ шамасында республика басшысы Д.Қонаевтың бастамасымен Шелек өзенінің ағысын пайдаланатын құрылым пайда болды. Ол үшін Бартоғай су қоймасы жасалды. Жинақталған суды тек жазғы кезде егін суаруға пайдалану қажет деп шешілді. Қоймадан су, ішкі ені 2,7 м бетон құбырлармен алынып, егістік шетінен темір құбырлар арқылы бөлініп, суармаларға таралды. Осы құрылым отыз жылдан артық уақыт Алматы облысының бірнеше ауданының егістіктері мен бау-бақшаларын суаруға септігін тигізді. Әйтсе де, суды осылай пайдаланудың технологиясы қазіргі кездегі қажетті атқаруға жарамсыз.

Дәстүрлі қолданыстағы арықпен суарудың біршама кемшілігі бар. Бұл кезде егіннің айналасы ғана емес, су танап аралығындағы бүкіл топыраққа сіңіп көп мөлшерде ысырап болады. Сонымен қатар егіндік алқабы еңіс болса, үстіңгі құнарлы топырақ біртіндеп шайылып, тасты қабат сыртқа шығады. Арықтар да уақыт өткен сайын тереңдеп, олардың қабырғалары судың біраз мөлшерін сіңіріп жоғалтады. Осы себептерден арықпен суару кезінде ағытылған судың басым бөлігі пайдаға аспайды.

Оңтүстік өңірде мақта мен күріш егу кезіндегі суару тәсілдері басқаша келелі мәселе тудырады. Мақта алқаптары бір маусымда 2-12 рет суарылады, ал күріш өскіні жер бетіне шыққаннан өнім жиналғанша, тамыр сабағы 12-15 см суда көлкіп тұруы қажет. Бұл кезде суарма су топыраққа тереңдей сіңіп, жерасты ылғалымен тұтасып, еріген тұздың жоғарғы құнарлы қабатқа көтерілуіне жағдай жасайды. Ендігі кезекте топырақтың әуелгі қалпын орнына келтіру үрдісі күн тәртібіне шығады. Ол үшін күзде алқаптарға мол су жіберіп, еріген тұз қоспаларын жуады. Әрине, бұл кезде топырақтың органикалық және минералдық құнары қоса шайылады. Егістік алқабы біртіндеп тозып, істен шығады.

Мемлекет жыл сайын суармалы егіс алқабын арттырып, мол өнім өндіруге мүдделі. Осы мақсатқа ірі қаржы бөліп, жеке шаруашылық иелерінің сұраныстарына үлкен қолдау жасап отыр. Дегенмен егін алқаптарын суару технологиясы соншама өзгерістерге ұшыраған жоқ. Жаңбырлатып суару елу жыл бұрын қолданысқа енгенімен, әзірше шағын бау-бақшалары көлемінде ғана пайдаланылады.

Осы қатардағы шетелдердің жаңбырлатып, тамшылатып суарудағы таңғаларлық тәжірибелері әзірге үлгі бола алмай отыр. Табиғаты әлдеқайда сараң, тұрақты тұщы су көздері жоқ, ыстық белдеуде орналасқан Израиль, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі жерасты суымен, теңіз суын тұщылап, жаңа әдістермен суару арқылы Еуропа елдерін бау-бақша өнімдерімен, ал өздерін астықпен толық қамтамасыз етуге қолдары жетті.

Суарудың үнемді әдістерін тұрақты технологиялық деңгейге көтеру үшін жаңа техникаларды сатып алуға, егістіктерді бірыңғай тегістеуге, күрделі техникаларды меңгеріп, жүргізе алатын мамандар даярлауға біршама қаражат жұмсауды қажет етеді. Оған ауыл шаруашылығы басқармалары мен фермерлердің шешімді қайраты керек. Қорқыныш тудырған ауқымды қаражат егістік өнімдерінің күрт артуымен тез арада өтеледі және ауыл шаруашылығында тұрақты технологиялық жаңа мәдениет орнығады. Жаңа кезеңде елде азық-түлік молшылығын орнатудың басқадай амалы жоқ.

Шаруашылықтарды суарудың жаңа техникаларымен жабдықтаумен қатар, суды бөгендер мен каналдардан егістікке жеткізу үшін ірілі-ұсақты полиэтилен құбырларын шығаратын өндірісті дамыту күн тәртібіне көтеріледі. Осы ретте жер бетін ластап бітірген полиэтилен қалташаларын шығаруды тоқтатып, полиэтилен құмыраларын қайыра сатып алуды ұйымдастыру керек-ақ. Әйтсе де, бізде бұл жолдың жақсы бастамасы да бар. Жақын арада полипрофилен шығаратын Атырау зауыты іске қосылса, онда полиэтилен құбырларды шығаруға қажетті материалдар тапшылығы тез-ақ шешіледі.

Біздің су қорымыз барлық Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ, сондықтан суды пайдаланудың технологиясы осы елдерде бірыңғайлы жаппай өрістеуі қажет. Бұл кезде өте ірі шаруашылықтармен қоса, шағын фермерлердің және жеке шаруалардың мүддесі де бірдей деңгейде шешілгені жөн. Себебі отбасылық фермерлер әртүрлі жеміс-жидектер өндіруде мол үлес қосып отыр. Мұндай әртекті шаруашылықтардың өркендеуі, халықтың жаппай еңбек үлесін нығайтады және кейбір дақылдарды өндіру, бәсекелестік негізінде өнім сапасы жоғарылап, шетел нарығынан берік орын алуына қадам жасайды (Өзбекстанда өндірілген қызыл шие қазір бірқатар Еуропа елінде сатылады).

Соңғы елу жылда суды өндірісте және қалаларда күнделікті тұрмыста пайдалану да үстемелеп өсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауы бойынша әр адамның күнделікті қажеті үшін қалаларда 230-350 л, ал айына 7-10,5 текше/м сумен қамтамасыз етілуі керек. Әрине, бұл – ең жоғарғы мөлшер. Батыс елдері де қазір жаппай су үнеміне көшкен. Сондықтан тұщы су қоры мол ірі қалалар болмаса, ондай ысырапқа бара қоймайды. Алматы шаһарында орта есеппен әр адамға күніне 170-200 л су жұмсау көзделген. Қаладағы судың шығынын сараптағанда, ас дайындау, жуыну, кір жуу, ыдыс тазалауға кететін мөлшерден санитарлық тазалыққа тым артық жұмсалатыны анықталды.

Қазіргі кезде қолданыстағы санитарлық тазалау аппараттары, сыйымдылығы 10-12 литр бүтін бір бактан тұрады. Тазарту мақсаты әртүрлі болғанымен, әр кез сайын бактағы су толықтай ағытылып, қажетсіз артық ысырап болады. Ал жеңіл мұқтаждық кезінде тазалауға 3-3,5 л су әбден жеткілікті. Сондықтан әр тазалау жағдайында еш пайдасыз 6-8 л су босқа төгіледі. Осы кезде әрбір адам күн сайын 35-40 л суды артық ысырап жасайды.

Қазақстан ғалымы 2017 жылы санитарлық тазалау аппаратының жаңа конструкциясын ойлап шығарды. Бак екі бөліктен: 2/3 көлемді үлкен бөліктен және 1/3 көлемді шағын бөліктен тұрады. Санитарлық тазалау аппаратының конструкциясы Еуро-Азия патент ұйымына ұсынылып, оған 2021 жылы №038749 патенті берілді. Аппарат қажетке байланысты пайдалануға негізделген. Бұл аппаратты қолданған кезде, қалаларда күнделікті тұрмыста пайдаланылатын судың 1/3 көлемі босқа төгілмей, үнемделеді.

Елде қазіргі уақытта 19 млн тұрғынның 59,2%-ы қалаларда өмір сүреді де, 50% үй қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген. Келтірілген есептеулер (әр адамға 14,4 текше/м су артық ысырап) бойынша, әр жыл сайын 136,8 млн текше/м су босқа төгіліп, ластанады. Оларды зиянсыз, таза қалыпқа жеткізу, өте күрделі техникалар мен сатылы жүргізілетін технологиялық әдістемелерді, қосымша қаражат қолдануды қажет етеді. Алайда суды түпкілікті тазалау нәтижесіне әлі жеткеніміз жоқ. Осы себепті қалдық сулар қалалардан біраз сыртта, әкімшіліктердің бас ауруына айналған Сорбұлақ көлшіктеріне жиналып, жерасты суларын былғап жатыр. Судың есепсіз ысырабы елге жылына 8,06-10,08 млрд теңге немесе 18,9-23,7 млн доллар шығын әкеледі.

Байтақ жеріміздің елеулі су көздері оның шеткі аймақтарымен ағады да, олардың біршамасы көрші елдердің бұғауына шалынған. Сонда біздің негізгі су байлығымыз табиғат жаратушы жарылқауымен өз жерімізге түскен ылғал ғана. Осы мөлдір тамшыларды аялап пайдаланбасақ, бұлақтарымыз да сараң тартып, су тапшылығына ұшырауымыз әбден мүмкін.

FaLang translation system by Faboba